Жаналыктар

7-20-25 бағдарламасы бойынша әкімдіктердің тұрғын үй сертификаттары кімдерге беріледі?

23.10.2018

Елбасы биылғы жылғы Жолдауында жеңілдетілген ипотекалардың бастапқы жарнасына жергілікті бюджеттен ішінара қаржылай көмек беруді тапсырды. Бұдан кейін "Баспана" ипотекалық компаниясы жыл соңына дейін 50 мың қазақстандық осы мақсатта 1 млн теңгенің сертификаттарын алатындығы туралы хабарлады. Сертификаттарды қала және облыс әкімдіктері тарататын болады.

Informburo.kz Елорда әкімдігі үлгісінде (басқа аймақтарда жағдай басқаша болуы мүмкін) шенеуніктер сертификат беруге үміткерлерді қалай таңдайтынын және ипотека төлеушілер қандай талаптарға сәйкес болуы керектігін айтып береді.

№1. 1 миллион теңгелік сертификатты кімдер алуға құқылы?

Астанада тұрғын үй сертификатын алуға ұстаздар, дәрігерлер және полицейлер үміткер бола алады. Яғни Астана қаласының білім, денсаулық саласы және полиция департаменттерінің ("Астана қалалық білім беру басқармасы", "Астана қаласының қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасы" және ҚР ІІМ Астана қаласының полиция департаментіне" қарасты мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарының) жұмысшылары.

№2. Тұрғын үй сертификатын алатын үміткерлерді кімдер таңдайды?

Астана қалалық білім беру, денсаулық сақтау және полиция департаменттерінің уәкілетті органдары.

№3. Қарыз алушының төлем қабілеттілігін кім бағалайды?

Банктің ішкі құжаттарына сәйкес, "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" АҚ.

№4. Әлеуметтік көмекті алушыға қойылатын негізгі талаптар:

  • Астана қаласында тұрақты тіркеуде тұруы;
  • ҚР барлық аймағында меншігінде тұрғын үйі болмауы, сондай-ақ соңғы бес жылда атынан мүлік шығарылғаны туралы дерек болмауы тиіс;
  • ТҚЖБ жинақ шоты болуы;

№5. Тұрғын үй сертификаттарын алуға өтінім беру мерзімі қандай?

Оны әр саланың уәкілетті органы жеке-жеке белгілейді және жұмысшыларды хабардар етеді.

№6. Сертификаттар қандай үйлерді сатып алуға беріледі?

Әлеуметтік көмек тұрғын үйді тек бастапқы нарықтан сатып алу үшін ғана беріледі.

№7. Миллион теңгені қайтарып беру керек пе?

Жоқ. Қажет емес. Сертификаттар қайтарымсыз негізде ұсынылады.