Жаналыктар

«7-20-25» бағдарламасымен ипотека алғандардың 60 пайызы айына 100 мың теңгеден кем төлейді

24.10.2018

«7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека алғандардың басым көпшілігі айына 100 мың теңгеден кем төлейтін болып шықты, деп хабарлайды Елорда Инфо «Баспана» ипотекалық ұйымына сілтеме жасап.

Мамандардың есебінше, заем алушылардың 60%-ы ай сайын 100 мың теңгеден кем сома төлейді. Бұл ретте «7-20-25» бағдарламасы бойынша заем алушылардың 6%-ы ғана ең жоғары соманы несиеге алған (Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларында 20 млн. теңге, басқа аймақтарда 12 млн.). Заем алушылардың көпшілігі, ал бұл жалпы портфельдің 37%-ы, 10-нан 15 миллион теңгеге дейінгі сомада кредит рәсімдеген.

 

«Бағдарлама өзінің әлеуметтік бағдарын толықтай растады. Алайда «7-20-25» ең алдымен мерзімділік, төлем қабілеттілік және қайтарым принциптеріне негізделген ипотека екендігін ұмытпауымыз керек. Ол банк алдында өзінің төлем қабілетін дәлелдеген, жұмыс істейтін қазақстандыққа қолжетімді», - деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

 

24 қазан күнгі жағдай бойынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша бірде-бір қайтарылмаған қарыз жоқ. Қазақстандықтар 44,5 млрд. теңге сомасына өтініш берген. Банктер оның ішінен сомасы 30 млрд. теңге болатын 2513 өтінімді мақұлдаған.