Жаналыктар

Баспаналы болып, қуанышқа кенелді

17.05.2019

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлеріне жеңілдік қарастырылған болатын, яғни, бастапқы жарнаны төмендетудің амалы ретінде алғашқы жарнаның 10 пайызын жергілікті бюджеттен субсидиялау көмегі. Дәл осы әзірленген бағдарлама біздің Қарасай ауданымызда да жүйелі түрде іске асып, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің бірқатары баспаналы болуда. Солардың бірі – баспана алу бақытына ие болған жандардың қатарындағы аудандық статистика басқармасының жетекші маманы Ақжол Қыздарбеков. Ақжол өзінің алғашқы екі бөлмелі пәтерін көпке құтты қоныс сыйлаған «Қарлығаш» ықшам ауданынан алып отыр. Жас та болса өз үйіне қол жеткізіп отырған Ақжол мемлекеттің осындай көмек көрсетіп отырғанына өте қуанышты.
– Өзім жақында ғана пәтердің кілтін қолыма алдым. Осындай тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіншілік жасап отырған Елбасымызға және субсидия алу жағынан қаржылай көмек көрсеткен өзіміздің аудан әкімдігіне үлкен алғысымды білдіргім келеді, – дейді жаңа пәтер иесі А.Қыздарбеков.
Тұрғындарға барлық жағынан жағдайы қарастырылған осы «Қарлығаш» ықшам ауданынан жақында ғана аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Ақмарал Әбдіраимоваға да баспана кілті бұйырды. Біраз жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған қуаныш иесі мемлекет тарапынан осындай жеңілдік қарастырылып жатқанына дән риза.

Жоғарыда аталған екі баспана иелерінен бөлек, аудандық полиция басқармасы көші-қон бөлімшесінің аға инспекторы Жанар Джунусова да көптен күткен өз үйіне қол жеткізді. Жанар ол баспанасын Қаскелең қаласындағы «Алатау ажары» тұрғын үй кешенінен алып отыр.
Ал, осы «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтерлердің үлестірілуі және қандай банктермен келісімшарт жасасу жайында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай ашып айтып, алдағы уақытта тағы қанша түрғын үй берілетінін де мәлім етті.
– Аталған «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер алуға ниетті әр үміткер, жеке тұлға екінші деңгейдегі банктерге, яғни, «Халық Банк», «БанкЦентрКредит», «АТФ Банк», «Цеснабанк», «Сбербанк», «Fortebank» банктеріне өтініш бере алады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап, соңғы айларға дейін аталған бағдарлама бойынша қосымша 114 пәтердің үлестірілуі жоспарда бар, – дейді Алмасбек Рзабекұлы.
Жалпы, ауданымыз бойынша мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері үшін 100 пәтерге тұрғын үй субсидиясы деп аталатын әлеуметтік көмек қарастырылса, қазіргі таңда оның ішінде 29 үміткерге сол қаржылай көмек өз пайдасын тигізіп отыр. Бір айта кетерлігі, үйді сатып алу кезінде бастапқы жарнаға көмек ретінде 1 млн-нан артық емес субсидия берілетінін ескерген жөн.

Түпнұсқаға сілтеме: http://zgazeta.kz/kk/baspanaly-bolyp-uanysh-a-keneldi/