Жаналыктар

Елордада 4 мың пәтер жәрмеңкеге қойылады

18.04.2019

4 мың пәтер қойылатын жәрмеңке 20-21 сәуірде Mega SilkWay-де өтеді. Жәрмеңкені Homsters.kz онлайн-сервисі ұйымдастырып отыр.

Шараға Нұр-Сұлтанның 50-ден астам құрылыс компанияларының өкілдері қатысады. Құрылыс салушылар барлық келушілерге баспананың бағасы мен «7-20-25» бағдарламасы арқылы сатып алу мүмкіндіктері туралы ақпарат бермек. Онымен қатар, екінші деңгейлі банк өкілдері мен «Баспана» ипотекалық ұйымының мамандары да жан-жақты кеңес беруге дайын.

«Бір апта бұрын Алматының тұрғындары мен қонақтарына толық кеңес берген едік. Енді біздің мамандар дәстүрлі жәрмеңкеге қатысу үшін елордаға жол тартады. Егер осыдан бір жыл бұрын келушілер жалпы «7-20-25» бағдарламасы туралы сұрап қана кететін болса, биыл біз адамдардың дайын екенін байқадық. Мысалы, Алматыда олар құрылыс компаниялары стендтеріне барып, есептетіп, пәтерді бірден броньдап жатты», - деді «Баспана» ипотекалық ұйымы басқарма төрағасының орынбасары Дархан Байқуатов.

Нұр-Сұлтанның 10 мыңнан астам тұрғыны мен қонақтары 7-20-25 пәтерлер жәрмеңкесіне қатысады деп күтілуде.