Жаңалықтар

8 мыңнан астам қазақстандық «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары бойынша төлем мерзімін кейінге қалдырды

24.06.2020

3 айдың қорытындысы бойынша (2020 жылғы 15 наурыздан бастап 15 маусымға дейінгі кезеңде) 8030 қазақстандық 2,4 млрд теңге сомасына ипотека бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруды пайдаланды. Оның ішінде 3012 қарыз алушы «7-20-25» бағдарламасы бойынша, ал 5018 адам «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша төлемдерін шегере алды.
 
«7-20-25» және «Баспана Хит» тұрғын үй бағдарламалары бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекітті және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) екінші деңгейдегі банктермен бірлесе отырып әзірлеген халықтың борыштық жүктемесін азайту бойынша шаралар шеңберінде ұсынды.
 
Оған сәйкес банктер короновирус инфекциясы пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін қаржылық ахуалы нашарлаған қарыз алушыларға айыппұл мен өсімпұлды есептеместен және жағымды кредиттік тарихын сақтай отырып, негізгі борыш пен сыйақы төлемдері бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруды берді.
 
Бүгінгі таңда 40 мыңнан астам қазақстандық отбасы  «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламаларын пайдаланып, 394 млрд. теңге жалпы сомаға меншікті баспанаға ие болды.