Жаңалықтар

Банктер белсенділіктерін күшейтті. «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламаларының 2020 жылы іске асырылуының қортындысы

18.02.2021

2020 жылы «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламалары арқылы 34 549 қазақстандық меншікті баспанаға ие болды. Берілген кредиттердің жалпы сомасы 349,7 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша 120,8 млрд теңге сомасына 10 207 кредит берілді, «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша 228,8 млрд теңге сомасына 24 342 қарыз берілді. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштерге қарағанда, 25%-ға артқан.

Ипотекалық қарыздар ең көп Сбербанк, ЦентрКредит Банк және Халык банк арқылы берілді. ЦентрКредит Банк «7-20-25» бағдарламасы бойынша қатарынан үш жыл ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасын іске асыруда бірінші орынды Сбербанк алады. Оператор – Қазақстанның орнықтылық қоры көшбасшы банктерге алғыс хатын жіберді.

Өткен жылы ипотекалық кредиттеу нарығы пандемия жағдайында өсті. Ипотекалық кредиттердің беру қарқынының баяулауы локдауынның енгізілуі кезеңінде наурыздан бастап мамырға дейін байқалды. Мамырдың соңынан бастап қарқыны қалпына келіп, карантинге дейінгі деңгейге жетті.

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуы 2018 жылғы шілдеден басталғанын еске саламыз. Ол бойынша расталған табысы бар және өзге тұрғын үйі жоқ және басқа ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы пайдалануға енгізілген жаңа тұрғын үйді сатып алуға кредит ала алады.

«7-20-25» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін, 2018 жылғы қазанда бастапқы және қайталама нарықты қамтитын, сондай-ақ азаматтарға тұрғын үйді құрылысы салынып жатқан кезеңде сатып алуға мүмкіндік беретін «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасы енгізілді.

«7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары нарықтық талаптармен, КАSE-де қаражат тарту арқылы қаржыландырылады және қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуда маңызды рөл атқарады.

Қазіргі кезде 69 мыңға жуық отбасы меншікті баспанаға ие болды. Жиынтығында 679 млрд теңгеден аса берілді. Ипотекалық бағдарламаларға филиал желілері таралған 9 ірі қазақстандық банк қатысады.